«Мысыр еліндегі жағдай толық орнықпайынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына аса шұғыл болмаған жағдайда Мысырға кем дегенде бір апта, 28 ақпанға дейін сапар жасамауға ұсыныс жасайды», - деді ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, Мысырды 30 жыл басқарған Хосни Мүбәрак екі аптадан астам уақытқа созылған халықтың жаппай толқуынан кейін 11 ақпанда биліктен кетті. Оның тақты қалдыруына елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайдың нашарлап кетуі, ішкі қауіпсіздік жүйесіндегі олқылықтар ықпал етті. Хосни Мүбәрак билікті Мысырдың Қарулы Күштерінің Жоғарғы кеңесіне берді. Өз кезегінде әскерилер ел конституциясының күшін тоқтатып, Парламентті таратып жіберді және жарты жылдың ішінде демократиялық сайлаулар өткізіп, мемлекетті басқаруды легитимді билікке беруді қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.
Соған орай, 7 ақпанда ҚР СІМ Қазақстан азаматтарына Мысырға сапарға шықпауға кеңес берген болатын.