Бұл туралы бүгін өткен брифингіде ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті. «Мұнда ешқандай саяси астар жоқ», - деп қадап айтты ол.
«Норвегиядағы қазақстандық елші қызметін қосымша атқарады, елшіміздің штаб-пәтері Гаагада орналасқан, ал Қазақстанның Норвегиядағы істерінің уақытша сенімді өкілі жоспарлы іссапарда болады», - деп нақтылады Омаров.
Бұған дейін бірқатар шетелдік ақпарат агенттіктері 10 желтоқсан күні өтетін ағымдағы жылғы Нобель сыйлығын тапсыру салтанатына Ресей, Қазақстан, Куба, Марокко, Ирак және Қытай елдері қатысудан бас тартқанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, 2010 жылғы Нобель сыйлығы Қытайдағы «адамдардың құқықтары үшін зорлық-зомбылықсыз ұзақ күрес үшін» 54 жастағы қытайлық Лю Сяобоға берілді. Бір жыл бұрын Қытай соты оны мемлекеттік билікті құлатпақ болған әрекеті үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.