ҚР Сыртқы істер министрлігі мұрағаттағы құжаттарды алғаш рет көпшілік назарына ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның БҰҰ-ға қосылғанына 24 жыл толуына орай Сыртқы істер министрлігі мұрағаттағы құжаттардың көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге бұрын соңды жұртшылық көрмеген бірқатар мұрағаттық құжаттар қойылған.

"Бұл көрме бір ай бойы жұмыс істейді деп ойлаймын. Көбінесе көрмеге министрліктің қызметкерлері, "халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер, тарихшылар, жалпы Қазақстанның сыртқы саясатына қызығушылық танытқан адамдар көп келуде. Бұл құжаттардың түпнұсқасы Президенттің Мұрағатында сақталып тұр, тағы біраз түпнұсқа құжаттар Ұлттық мұрағат қорында. Құжаттардың барлығы дерлік бірінші рет осы жерде халық назарына ұсынылып отыр, - дейді ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров.

Көрмеге бас-аяғы 130 құжат пен сурет қойылған. Құнды құжаттар арасында тəуелсіздіктің бастауында жас Қазақстанның халықаралық саяси қарым-қатынасқа аяқ басқанын айқындайтын құжаттар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болғандығы туралы құжат, Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ басшылығымен алмасқан хаттары, БҰҰ бас хатшысының Қазақстанға келген кездегі суреттері қойылған.