ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мұнай өнімдеріне шекті бағаны айқындау қағидаларын қабылдады

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бағаларына мемлекеттiк реттеу белгiленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге шектi бағаларды белгiлеу қағидасын әзірледі.

Бұл туралы Агенттіктің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қабылданған қағидаға сәйкес, мұнай өнімдеріне бағаларды белгілеу барысына негізінен - әлемдік баға белгілеу бойынша мұнайға және мұнай өнімдерінің бағасы, сондай-ақ ресейлік әсер ету факторы мен қазақстандық мұнай өнімдері нарығының ерекшелігі ескерілетін болады. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасы мұнайдың әлемдік бағасына  қарай  оларды бөлшек саудада  өткізуге арналған шекті баға мәндері кестесінің негізінде айқындалады. Ал аталмыш кестені  Мұнай және газ министрлігі әзірлеп, оны  Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне ай сайын табыс етеді», - делінген баспасөз айғағында.

Сонымен қатар, қағидаларға сәйкес, мұнай өнімдерін өндіру мен өткізу мониторингі бойынша  Мұнай және газ министрлігі шекті бағаны белгілеу үшін Агенттікке тиісті мәліметтер жолдайтын болады. Бұл ретте бөлшек сауда нарығындағы сатушылар жоғарыда аталған мұнай өнімдерінің бекітілген шекті бағаларын асырмауға тиіс. 

Агенттік бекіткен қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданды және ағымдағы жылғы 25 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. 

Естеріңізге сала кетейік, елімізде мұнай өнімдеріне шекті бағаны бұған дейін Мұнай және газ министрлігі ай сайын бекітіп келген болатын.