ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде есеп беру жөнінде брифинг өтті

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорданың «Алматы» ауданы әкімдігінің ғимаратында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің  2009 жылдың 9 айы ішінде атқарған жұмысы туралы есеп беру жөнінде брифинг өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар, кездесуде жылу энергиясы мен тұтынушыларға ақшаларын қайтару жөніндегі жұмыстың жүзеге асу барысымен жұртшылықтың хабардар болуы сөз болды. «Астана қаласы бойынша табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік регистрінің жергілікті бөліміне 33 табиғи монополия субъектісі кіреді. 9 ай ішінде департаментке тарифтер мен тарифтік сметаны бекіту жөнінде 23 өтініш түсті. Оның 12-сі қаралып, қалған 11-і қайтарылды», - деді департаменттің директоры Абзал Естаев.

Сондай-ақ А.Естаев электр энергиясына сараланған тарифке кеңінен тоқталып өтті. «Мұндай тарифті енгізудің негізгі мақсаты - халықты әлеуметтік қорғау және энергияны үнемдеу үшін жағдай жасау. Сараланған тариф әлеуметтік әділеттілікті, электр энергиясын орынды жұмсау үшін жағдай жасауды, тұтынушылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді», - деді департамент директоры.