ҚР ТСМ туркомпанияларға қазақстандық туристерді Тайландқа уақытша жібермеуге кеңес берді

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Туризм және спорт министрлігі туркомпанияларға қазақстандық туристерді Тайландтың Самуи, Панган және Тао аралдарына уақытша жібермеуге кеңес берді.

Еске салайық, Сиам шығанағындағы теңіз дауылы мен нөсерлі жауындардың салдарынан Самуи, Панган және Тао аралдары су астында қалды. Кейбір аралдардағы су деңгейі бір жарым метрге жетті. Ал Самуидің жекелеген аудандарында ауыз су тапшы, онымен бірге, электр жарығы толығымен өшіп қалған.

«Осы ретте, туристік қызметті жүзеге асырушы тұлғаларға жеке қауіпсіздікке қауіп төнуіне байланысты Самуи, Панган және Тао аралдарына туристерді жіберуді уақытша тоқтатуды ұсынамыз», - делінген ТСМ-ның таратқан хабарламасында.

Ал табиғи апат аумағында қалып қойған туристерге министрлік, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық шараларды қолға алуға және өздерімен бірге жеке бастарын куәландыратын құжаттарды алып жүруге кеңес берді. Тайланд Корольдігіне сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтар да аталған жағдайларды қатаң ұстануы қажет.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, табиғи апат кезінде Самуи аралында демалып жүрген қазақстандықтардың саны 27 адам болды, оның 19-ы құрылыққа жеткізілді. Қалған 8 турист демалыстарын жалғастыруды қалады.