«Егемендікке қол жеткізген Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүддемізді ескере отырып, көпвекторлы және бейбіт сыртқы саясат жүргізу жөніндегі бағытымызды нақты белгілеп берді. Оның негізі еліміздегі алғашқы құжаттардың бірі - 1992 жылы қабылданған «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясында» қаланды.
Халықаралық қатынастарымызды жаңадан бастадық. Көп нәрсе Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге мемлекеттердің, шетелдік ірі компаниялар мен ұйымдардың басшыларымен тікелей кездесулеріне және олармен өткізген келіссөздеріне байланысты болды. Тек 1992 жылдың өзінде Тұңғыш Президент жұмыс сапарымен Швейцарияға, Үндістанға, Аустрияға, Пәкістанға, АҚШ-қа, Финляндияға, Түркияға, Германияға, Францияға барды. Мұндай жұмыс қарқыны кейінгі жылдарда да жалғасын тапты», - деді М.Қасымбеков.
Оның атап өтуінше, Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім Елбасының батыл қадамдарының бірі болды.
«1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи құжатқа - «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осы маңызды шешім арқылы Тұңғыш Президентіміз жас мемлекеттің ұстанымы бейбітшілік екенін бүкіл халықаралық қоғамдастыққа жария етті. Бұл қадам Қазақстан Республикасының белсенді жаһандық антиядролық қызметінің бастауы болды. Кейіннен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
КСРО-ның көптеген ядролық арсеналынан бас тартуы тағы бір маңызы зор шешімдердің бірі болды. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қарудың айтарлықтай мол қорына үміт артпай, ашықтыққа, бейбітсүйгіштікке, ақылға жүгініп, моральдық беделге сенім артты. Уақыт бұл ұстанымның тарихи тұрғыдан орынды болғанын дәлелдеді. Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды.
2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланды. Онда ұлттардың соғыстар мен қақтығыстарды болдырмау жөніндегі келісілген іс-қимылдары айқындалды. Манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.
Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру үшін бірінші болып қадам жасады. 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында, яғни БҰҰ мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Азияның ауқымды кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым құруды ұсынды. Президенттің осы идеясы халықаралық қоғамдастық тарапынан кең қолдау тауып, кейіннен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі құрылды», - дейді ол.
Мақалада айтылғандай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті көптеген халықаралық интеграциялық бастамалардың авторы саналады. Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді атсалысуының арқасында жаппай дүрбелеңнің және Кеңес Одағының басқарусыз ыдырауының алдын алған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.
«Ол содан кейінгі жылдары бірнеше рет ТМД-ны Еуропа Одағының үлгісімен тиімді құрылымға айналдыруға бағытталған бастамалар көтерді. Сондай-ақ Елбасы ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын айрықша атап өткен жөн. Өңірлік ықпалдастықты нығайту үшін 2018 жылғы наурызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік жұмыс кездесуі өтті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің 2010 жылы Астанада өтуі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға әрі Қазақстанның сыртқы саясатындағы айтулы жетістік болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету - Қазақстан үшін тарихи оқиға. Бұл еліміздің ірі халықаралық табысы саналды.
2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен дауыс беру рәсімі кезінде Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңызды проблемаларын шешу ісіндегі Қазақстан мен Елбасының белсенді рөлі халықаралық қоғамдастық тарапынан кеңінен мойындалғанын көрсетті. 2018 жылғы қаңтарда Қазақстан делегациясы өз тарихында алғаш рет басты орган - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына жетекшілік етті. 2018 жылғы 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейде өткен тақырыптық брифинг Қазақстанның негізгі іс-шарасы болды.
Сондай-ақ маңызы зор шаралардың қатарында еліміздің Сириядағы дағдарысты және басқа да жаһандық деңгейдегі қақтығыстарды, соның ішінде жуырда болған Түркия мен Ресей арасындағы шиеленісті реттеуге атсалысқанын айтқан жөн.
1991-2018 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелге барған 283 сапарын қоса алғанда халықаралық деңгейде 611 іс-шара, 233 мемлекетаралық саммит және 95 халықаралық форум өтті», - дейді автор.
М.Қасымбеков келтірген мәліметтерге сәйкес, Елбасы екіжақты қатынастар аясында шетелдерге 283 рет сапар жасаған, оның 32-сі - мемлекеттік, 164-і - ресми, 87-сі - жұмыс сапарлары. Тұңғыш Президент екіжақты қарым-қатынастар аясында әлемнің 70 еліне сапармен барды.
Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан 233 мемлекетаралық саммиттің 26-сы Қазақстанда, 207-сі өзге елдерде өтті. 95 халықаралық форумның 22-сі елімізде, 73-і өзге мемлекеттердің аумағында ұйымдастырылды.
Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі мінберінен 8 рет сөз сөйледі.
Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміз елімізде 255 мемлекеттің басшыларымен кездесіп, шетелдердің 127 үкімет басшыларын қабылдады.
Жалпы, Қазақстан тарапынан осы жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің халықаралық аренада лайықты орын алуына мүмкіндік берген белсенді сыртқы саяси және бітімгершілік қызмет атқарылды.
Фото:Дамир Отеген