ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының алғашқы оқырмандары депутаттар мен жазушылар болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының тұңғыш оқырмандары ҚР Парламентінің депутаттары мен жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым болады. Бұл туралы бүгін кітапхана сайтының тұсаукесер рәсімінде кітапхананың баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова айтты.

«Қарашаның басында Елбасының алғашқы оқырмандары белгілі болады. Яғни, оқырман билеттерін тапсыру шарасы өтеді. Олардың қатарында Сенат, Мәжіліс депутаттары, атақты жазушылар, ғылым жолындағы ел ағалары бар», - деп атап өтті ол кітапхананың бір жылдық жұмыс жоспарымен таныстыру барысында. Сондай-ақ, баспасөз хатшысының мәліметінше, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің атсалысуымен «Білім беру алаңы «Әлемді өзгертетін ойлар»» атты дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. «Сонымен қатар, кітапхана қабырғасында «Тұңғыш-Первый» деректі фильмдер апталығы өтеді. Бұл шара былтыр Президент күні қарсаңында алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Биылғы шараның өзндік ерекшелігі бар, яғни апталықтың ашылуында белгілі француз режиссері Режис Гезельбаштың Тұңғыш Президент, Тәуелсіз Қазақстаның тарихы және Елбасының кітапханасы туралы фильмдері көрсетіледі», - деді О. Лоскутова. Оның айтуынша, биылғы оқу жылы қарсаңында «Біздің Президент» кітабының тұсау кесілген болатын. Енді бұл кітап елдің аймақтарына, нақты айтқанда Алматы мен ШҚО-ның Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқып жатқан балаларға жол тартады. Сонымен қатар, жыл соңында мұғалімдер мен жас ғалымдарға арналған «Біздің ел - біздің Президент» атты тренинг-семинарлар өткізіледі. Сондай-ақ, кітапханада ашық есік күнін өткізу де жоспарланған. Бұл күні Елбасы кітапханасына облыстардан делегаттар келеді деп күтілуде.