ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы Астана күніне орай «Ашық есік күнін» өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт Көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы Астана күніне орай «Ашық есік күнін» өткізеді. Бұл туралы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында кітапхананың атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков хабарлады.

«1 шілде мен 10 шілде аралығында кітапханада «Ашық есік күні» акциясы өтеді. 10 күн бойы біз азаматтарды кітапхана жұмысымен таныстырып, оларға Ұлт көшбасшысы, елордамыз жайлы қызықты мәліметтер ұсынамыз. Бұл күндері біздің есігіміз қалалықтар үшін кешкі сағат сегізге дейін ашық болады», - деді Б.Жұмабеков.

Еске салсақ, Ұлт көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы 2014 жылғы 13 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған. Кітапхана қорында 19 100-ден астам кітап, 1000 данадан астам мерзімді басылымдар мен электрондық басылымдар бар. Жуырда кітапхана қоры Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел. Годы, равные векам. Эпоха, равная столетиям» атты жаңа туындысымен толықты. Бұл кітапта Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жүріп өткен ұлы жолдары жан-жақты сипатталған. «Бізге бір-ақ жыл болды. Атқарылған жұмыстар ауқымды. Осы уақытқа дейін кітапханамызға 6,5 мыңнан астам адам келген. Жыл ішінде 150-ге жуық ірі шаралар өткіздік. Елбасы қызметі мен оның шығармашылығы жастарды ғана емес, шетелдік қонақтарды да тартуда. Олар Президентіміздің қызметі мен феноменіне ерекше қызғушылық танытады. Біздің кітапхананың басты мақсаты - келешек ұрпақ үшін Ел Президенті Н.Назарбаевтың саяси мұрасын сақтау», - деп атап өтті кітапхана директоры. Кітапхана қорында сирек кездесетін, топтамалық, көне баспа басылымдары сақталған. Олар: Мемлекет басшысына Миланда Амброзиандық кітапхана сыйға тартқан Леонардо да Винчидің эскиздері бар альбом; қасиетті Құран баслымдарының топтамасы (30 дана); Президентке қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев сыйға тартқан ғарышқа барып қайтқан Құран; Шлоссердің дүниежүзілік тарихы (бұрын Ресей императоры ІІ Александр кітапханасында сақталған); 1838 жылғы энциклопедиялық лексикон (бір жарым беті Әбілқайыр ханға арналған).

Президенттің жеке кітапханасы әр жылдары Н.Назарбаевқа сыйға тартылған басылымдардан құралады және Елбасының жеке (үй) кітапханасынан басылымдар бар, Н.Назарбаев оларды 60 жылдардан бастап жинаған. Қорда Елбасы жұмыс істеген кітаптар, жұмыс белгілері қойылған кітаптардың алатын орны ерекше.