ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тарихи таңдау. Бастау» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - 27 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының Күмбезді залында Елбасының жеке мұрағаты жинақтарынан «Тарихи таңдау. Бастау» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қорымен бірлесіп ұйымдастырылған көрме ҚР Тұңғыш Президенті Күніне арналады.

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының баспасөз қызметі хабарлады.

1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы өзінің Тұңғыш Президенті ретінде Н.Ә. Назарбаевты сайлай отырып, шын мәнінде тарихи таңдауын жасады. 2012 жылы жаңа мереке күні бекітілгеннен кейін, бірегей мұрағаттық қоры қалыптасқан мұражай, өткен жылдың қараша айында көпшілік қауымға «Тарихи таңдау» атты көрмесін ұсынған болатын. Көрме экспозициясында тұңғыш рет кең көлемде Қазақстан Президентінің алғашқы жалпыхалықтық сайлауы кезінде орын алған оқиғалар жайлы баяндайтын мұрағаттық материалдар кешені көрсетілді. Осы уақыттан бастап Мұражай еліміздегі президенттік институттың қалыптасуы мен даму үдерістерін мұрағаттық әдістер арқылы ашып көрсететін жаңа ғылыми-экспозициялық жобамен жұмыс жасай бастады.

«Тарихи таңдау. Бастау» атты көрме осы жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Қазақстандық қоғамның, саяси элитаның, партиялық құрылымдардың, мемлекеттік басқару институттарының даму үрдісін мұқият зерттегенде ғана, Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңінің сан қырлы және сан алуандылығын, қоғам мен тұлғаның сана-сезіміндегі түбегейлі өзгерістерді айқын көруге болады. Ел тарихының ең күрделі сәттерінде Ұлт көшбасшысы атанған тұлғаның әлеуметтік, азаматтық қасиеттері қалыптасқан тарихи ортаны қайта қалпына келтіруге мүмкіндік беретін экспозициялық әдістеме арқылы, 1991 жылғы тарихи таңдаудың бастамасы айқындала түседі. Рационалды ойлау және өз ойын жете түсіндіру қабілетіне еселенген белсенділік пен мақсаттылық, дарындылық пен жауапкершілік - бұл қасиеттер жастық шақта қалыптасып, әртүрлі мадақтаулар, марапаттармен, замандастар және қызметтес болған адамдардың ой-пікірлерімен дәлелдене түседі.

Экспозиция материалдары қоғамның да, жеке азаматтың да тарихи таңдауын анықтаған оқиғалардан басталып, тұлғаның өмір жолының бастауы - Н.Ә. Назарбаевтың мектеп жылдарындағы, жасөспірім шағындағы, комсомол, партиялық және мемлекеттік қызметтердегі кезеңдері жайлы дәйекті түрде баяндайды.

Елбасының жеке мұрағатынан ұсынылған әр алуан құжаттардың бірегей жинағы Н.Ә. Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы және тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне дейінгі қызмет еткен жолын еске түсіруге мүмкіндік береді.

Негізгі экспозициядан басқа, арнайы жабдықталған бейнезалда мұражай келушілері 1991 жылдың желтоқсанындағы оқиғалармен қоса, жалпы Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуына арналған деректі бейнехроника мен тақырыптық бейнефильмдерді көре алады.

Көрме 2014 жылдың 27 қаңтарына дейін жалғасады.