Мерекеге орай жасалған спортшылардың ерекше тартуына қатысты бүгін Алматыда арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Баспасөз мәслихатында сөз алған Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Қазбек Валиев спортшылардың тауға сапары туралы айтты.
«27 қараша күні 64 адамнан тұратын альпинистер тобы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арнап, «Нұрсұлтан» шыңына көтерілуге аттанды. Қар қалың жауған, ауа райы -27 градусқа дейін төмен болуына байланысты олардың барлығына биікке шыға алмады. 42 адам ғана діттеген межеге көтеріле алды. Өте суық болды. Бізді ҚР Президенті Аппараты, Алматы әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті қолдады. «Нұрсұлтан» шыңы Богданович мұздығының бас жағында орналасқан. Солтүстігінде Қарлытау, шығысында Аристов шыңымен ұласады. Бұл шыңға 1930 жылы 17 шілдеде Г.Белоглазов бастаған топ шығып, Кіші Алматы шыңы деп атаған. Дәл осы жылды Қазақстан альпинизмінің бастауы деп есептеген. Ал 1935 жылы 11 шілдеде Алматыда 1-Комсомолдық альпиниада өтіп, Кіші Алматы шыңы «Комсомол» атауына ауыстырылды. 1997 жылы альпиниадаға қатысушылар Тұңғыш Президенттің туған күніне орай Комсомол шыңын «Нұрсұлтан» шыңы деп атауды ұсынды. «Нұрсұлтан» шыңында дәстүрлі альпиниаданың сан түрлі жарыстары өткізіледі. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен эстафетаны қазіргі альпинистер жалғастырып отыр», - деді Қ.Валиев.
Айта кетейік, «Нұрсұлтан» шыңының биіктігі 4376 метр.