«Биылғы жыл ерекше оқиғамен тығыз байланысты - өйтені биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиғаға орай ҚР Тұңғыш Президенті музейінде ардагерлер ұлықталуда. Шара екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде біз серіктестерімізбен бірге мерекелік концерт - нақтырақ айтсақ, мюзикл қойдық. Онда біз тек Ұлы Жеңістің оқиғаларын көрсетіп қана қоймай, ең бастысы, көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіс ұрпақтар сабақтастығын көрсетуді мақсат еттік. Егер де біздің буын сол бір кездегі сұрапыл соғыс туралы әкелеріміз бен аталарымыздың өз аузынан естіп өссек, бүгінгі шараға қатысып отырған қазіргі жастар тек кітаптардан оқып, деректі және көркем фильмдерден ғана көрді», - деп атап өтті журналистерге берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова. Сонымен қатар, бүгін музейде «Жеңіс мұрагерлері» деген тақырыппен көрме ашылып, онда біздің аталарымыздың ерліктері мен отансүйгіштігі паш етілді. Көрмеге мұрағат құжаттары, фото мен видео құжаттар, сондай-ақ басқа да көптеген жәдігерлер қойылды. Шара соңында ардагерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
18:39, 04 Мамыр 2015
ҚР Тұңғыш Президенті музейінде Жеңістің 70 жылдығына арналған мюзикл қойылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті музейінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері ұлықталып, олардың назарына Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұрпаққа мұра Ұлы жеңіс!» атты мюзикл қойылды.