Шара музейдің серіктестік көрме жобасы аясында Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейімен бірлесіп ұйымдастырылды. Музейдің мерейтойына арналған іс-шаралар барысында аталмыш көрменің өткізілуі кездейсоқ емес. «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасына алғаш қолдау көрсеткен Атырау облысы өз кезегінде еліміздің барлық аймақтарынан бұрын көрмелер сериясын бастап ашып отыр. Нұрсұлтан Қалиев 1978 жылы 20 ақпанда Атырау қаласы, Балықшы кентінде дүниеге келген. Шебердің шығармашылыққа қызығушылығы жас кезінен басталады, кейін ол ағаш өнерінің суретші кәсібіне саналы түрде бой алдырады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын бітіргеннен кейін, қолданбалы өнерден өткізілген әр түрлі сайыстарға белсене қатысады.
2005 жылы Астанада «Қолөнер Еуразия мәдениетінің ажырамас бөлшегі» фестивалінде дипломант атанады. 2007 жылы қолөнер шеберлері арасында ҚР Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Желтоқсан желі» сайысында үшінші орынға ие болды. Орал қаласында «Сарқылмас саяхат - 2008» республикалық туристік жәрмеңкесіне қатысып «Үздік туристік қолдан жасалған сувенир» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алады. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы «Шеберлер ауылы» республикалық фестивалінде «Үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломына ие болды. 2010 жылы Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2010» республикалық сайысында «Жаңашылдық» номинациясы бойынша жеңіске жетеді. Сол жылы Бекет атаның 260 жылдығына орай өткізілген «Оғланды бояулары» республикалық байқауында бірінші орынды; Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс мамыры» сайысында - екінші орынды жеңіп алады.
Нұрсұлтан Қалиевтың туындылары Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің озық дәстүрлерін жалғастырушы ретінде көптеген республикалық ұжымдық көрмелерде көрсетіліп, өзінің нағыз көрермендерін тапты. Шебердің алғашқы көрмесіне автордың шеберлігі мен суретшілік өнерінің дамуын айқындайтын 59 шығармасы қойылды. Айта кетейік, көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады.