ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры сыйлығына биыл 100 жұмыстың ішінен 16 жоба лайық деп танылды

None
АЛМАТЫ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Дәстүрлі аталмыш сыйлық ғылым мен техника саласындағы үздік ғылыми зерттеулерімен ерекшеленген жас ғалымдарға және республиканың мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосып, қоғамда таныла бастаған жас мәдениет және өнер қайраткерлеріне беріледі.

Биылғы байқау ағымдағы жылдың қазан айында жарияланды. Сол уақыттан бері байқауға жүзге жуық ғылыми және шығармашылық жобалар ұсынылған. Олардың ішінен танымал ғалымдар мен мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған сарапшы комиссия үздік деген он алты жұмысты таңдап алды.

Байқау комиссиясы шара барысында биыл да жас қазақстандық ғалымдардың жұмыстарының сапасы артып келе жатқандығын және ғылыми-тәжірибелік мүмкіндікке ие екендігін атап өтті. Біршама жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары халықаралық қазақстандық патенттермен қорғалып, жаңалық ашуға арналған тіркеу куәліктерін иеленіп үлгерген.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының 16 жеңімпазына төсбелгі, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Марапаттау рәсіміне Республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының және жоғарғы оқу орындарының басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, белгілі ғалымдар, Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.