ҚР Тұңғыш Президентінің қоры үздік жас ғалымдарды марапаттады

АЛМАТЫ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президентінің қорында жаңа жобалар байқауында лауреат атанған жас ғалымдар, өнер қайраткерлері мен жас журналистерді марапаттау рәсімі болды.

Байқау осы жылдың қыркүйек айында жарияланған болатын. Конкурс барысында 100-ден аса ұсыныс түсіп, оның арасынан 18 жұмыс іріктеліп алынды.

«Бұл байқау осымен 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат салаларда жетістікке жеткен жас дарындарды қолдап, жаңалықтарын іске асыруға мүмкіндік жасау. Отандық ғалымдардың бәйгеге қосқан жобаларының көбі бұған дейін халықаралық байқаулардан жүлде алып, тіпті халықаралық патентпен қорғалғандары да бар», -деді ҚР Тұңғыш президенті қорының директоры Дариға Назарбаева.