деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл конкурсты талантты жастар мен жас ғалымдар арасында осымен үшінші рет өткізіп, шығармашылық жобаларды қолдау үшін грант жарияладық. Биыл 95 ғылыми жоба келіп түссе, оның 6-ын қаржыландыруға лайықты деп тауып, оған 6,5 миллион теңге бөлінді. Ал шығармашылық жобадан 24-і келді, оның 5-уін таңдап, 3,5 миллион теңге бөлдік», дейді аталмыш Қордың атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов.
Сондай-ақ ол Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттеріне осымен үшінші жыл қолдау көрсетіп отырғандығын айтып өтті. «Биыл студенттердің 9 дипломдық жұмыстарын қаржыландырып, оған 3,5 миллион теңге бөліп отырмыз. Ол жобаларды қаржыландырып қана қоймай, олардың іске асуына да көмектесеміз», дейді Б.Мұхамеджанов.
Сонымен қатар «Қазақфильм» студенттердің шығармашылық жобаларының еліміз бен халықаралық ареналарда жоғары деңгейде көрсетілуі үшін техникалық және көркемдік жағынан қолдау көрсетіп отыр.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу басқармасының басшысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Досым Ерболатұлы ғылыми жоба бойынша грантты жеңіп алған. Ол «асқынпластикалық режимінде өндірісте қолданылатын қортпалардан күрделі пішінді бұйымдар жасау технологисын құрастыру» жобасы бойынша грант иесі болып отыр.
«Біздің мақсатымыз іргелі зерттеулерді сақтай отырып, қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту, технологиялық зертхананы ашу, дәл штамптау формаларын жасау, солар арқылы асқынпластикалық режимдегі, яғни 1500-1600 пайызға созылатын қортпалардан күрделі пішінді бұйым жасау. Ол бұйымдарды өндірістің әр түрлі салаларында қолдануға болады», дейді жас ғалым.
Сондай-ақ ол Өскемен қаласындағы машина жасау зауыттарымен бірігіп, бір жылдың ішінде тәжірибелік конструкторлық үлгіні алуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.