ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында бірінші сынып оқушылары үшін «Конституция - мемлекет тәуелсіздігінің негізі» атты мұражайлық сабағы өтеді

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылының қарсаңында, 29 тамыз күні сағат 11:00-де қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мұражайында бірінші сынып оқушылары үшін «Конституция - мемлекет тәуелсіздігінің негізі» атты мұражай сабағы өтеді.

Бұл туралы Тұңғыш Президенті мұражайының баспасөз баянында хабарланды.

Сабаққа № 56 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушылары қатысады. Мұражай педагогтары балаларды демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың бағдарлары белгіленген елдің Негізгі заңының тарихымен таныстырады. Өзін-өзі тану элементтері арқылы балалар Отан, туған тіл, еркіндік, мемлекет тарихы және дәстүрлер туралы өздерінің түсініктерімен бөліседі. Қазақстан картасы мен әліппесін қолдана отырып, балалар Қазақстанда тұратын ұлттар туралы баяндайды. Мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндерге болашақ түлектер - биылғы 11 сынып оқушылары тілектерін білдіреді.

Конституция күнінің құрметіне балалар мереке қонақтарына вокалдық-хореографиялық композиция дайындады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында өткен алғашқы сабақтың естелігі ретінде балаларға сыйлықтар мен кәдесыйлар даярланды.