ҚР ТЖМ-ның әскери бөлімдерінде 57 алматылық азаматтық борышын өтейді
Алматыда 18 қыркүйек — 18 қараша күндері «Күз-2023» әскерге шақыру науқаны өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, әскерге шақырылылған жастардың арасынан іріктеліп алынған 57 жасөспірім ҚР ТЖМ 52859 (Қарағанды қаласы), 69303 (Семей қаласы), 20982 (Ақтөбе қаласы) әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметтерін өтейді.
Әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу жиыны Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің қалалық шақыру пунктінде өтті. Салтанатты шараға Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті, Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің өкілдері, ҚР ТЖМ құрметті ардагерлері, Алматы гарнизонының үрмелі оркестрі, әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері ТЖМ жедел резерві саналады және әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі міндеттерді орындайды. Әскери бөлімдерде құтқарушы-жауынгерлерді даярлау және оқыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, сондай-ақ заманауи техникалық оқыту құралдарымен жарақтандырылған. ҚР ТЖМ әскери бөлімдерінде қызмет еткен сарбаздар мен сержанттарға азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі», — деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараның соңында жергілікті әскери басқару органдары атынан әскерге шақырылушы жастарға естелік сыйлықтар табысталды.