ҚР ТЖМ-нің авиациясы Ресейдегі өрт сөндіру жұмысын аяқтады
Бұл ақпаратты еліміздің ТЖМ «Қазавиақұтқару» РМК-і таратып отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР ТЖМ Ресейге табиғат өртін ауыздықтауға көмектесу үшін 2 тікұшақ жіберген болатын. Олар ағымдағы жылғы тамыздың 5-і мен 17-сі аралығында РФ-нің Самар және Свердлов облыстары аумағында өрт сөндіру шараларына қатысты.
«ҚР ТЖМ-нің Ми-171 тікұшағы Ресей ТЖМ авиабөлімшесімен және басқа да шетелдік экипаждармен бірлесіп, орман өртін сөндіру жұмыстарын орындады. Екінші Ми-8Т ұшағы ресейлік тараптың ұсынысы бойынша Орал қаласында резервте тұрды. Кезекшілік кезінде экипаж БҚО төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, аудандарға аэровизуалды зерттеулер жүргізді, Батыс Қазақстан облысының өрт қаупі бар ошақтарына барлау жасады», делінген аталған мекеменің баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» РМК қазақстандық экипаждың өзінің кәсібилігі мен шеберлігін көрсетіп, орман өртін және оның тұтанған ошақтарын сөндіру барысындағы қауіпті жағдайларда нақты, дұрыс бағдар жасай алғандығын атап өткен.
Көрсетілген көмек үшін Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттарды жою істері жөніндегі министрі Сергей Шойгу еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкоға алғысын білдірді.