ҚР ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 100-ден астам түнгі клуб пен мейрамхананың жұмысын тоқтатуға сотқа талап арыз жолдады

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып жұмыс істеп тұрған 100-ден астам түнгі клуб пен мейрамхананың жұмысын тоқтатуға сотқа талап арыз жолдады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігін қадағалау және анықтау басқармасының бастығы Марат Хасенов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, 22 желтоқсандағы жағдай бойынша республикадағы 705 түнгі клуб, мейрамхана тексеріліп, алты мыңнан астам заң бұзушылық анықталса, оның 2000-нан астамы тексеру барысында жойылған.

«Ереже бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 520 лауазымды тұлға тартылды. Сондай-ақ пайдалану ережесін өрескел бұзып жұмыс істеп тұрған нысандардың әрекетін тоқтату мақсатында сотқа 93 талап арыз жіберіліп, оның 55-ін сот тарапы қанағаттандырды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған нысандардың қызметін тоқтату немесе ескерту жасау нәтижелі амалдардың бірі болып отыр. Мәселен, сот араласқан кезеңде 10 нысан заң бұзушылықтарды толығымен жойған. Яғни, өрт сөндіру қызметінің талаптары толық көлемде орындалған.