ҚР Үкімет басшысы бірқатар министрліктер басшыларына Ұлттық биотехнологиялар орталығының ғылыми жасалымдарын енгізуді тапсырды

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Бейсенбі күні, сәуірдің 22-сінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанадағвы Ұлттық биотехнологиялар орталығында болды.

Үкімет басшысы биотехнология және селекция, иммундық химия және иммундік биотехнология зертханаларының, ұлттық ғылыми ұжымдық пайдалану биотехнология зертханасының жұмыстарымен танысты және сондай-ақ микроорганизмдердің республикалық коллекциясын көрді.

Бұдан кейін К.Мәсімов жұмыс кеңесін өткізді және ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау, индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің басшыларына сараптама жасап, ұсынылған ғылыми жасалымдарды енгізуге тапсырма берді.

Үкімет басшысының пікірінше, ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы отандық инновациялар іс жүзінде қолданылуы тиіс. «Егер бізде вакцнацияның, скринингінің, паспорттаудың жаңа әдістемелері және ерте диагностика қою мүмкіндіктері болса, оларды денсаулық сақтау бағдарламасында ескеру қажет», - деді К.Мәсімов.

«Ауыл шаруашылығында - егіншілікте де, мал шаруашылығында да бұл жасалымдар қалай жұмыс жасайтынын байқап көру қажет», - деп сөзін жалғастырды Үкімет басшысы.

«Басты мәселе - нәтиже. Нәтижелерді түпкі тұтынушының мүддесімен байластырыңыздар. Мұнда бәрі де - инновация да, жаңа технологиялар да, қазақстандық тауарлар үлесі де, ғылымның дамуы да осы нақты институтта тоғысқан. Бұл жұмысты әрі қарай жылжыту қажет», - деп атап көрсетті К.Мәсімов.

Ұлттық биотехнологиялар орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловтың айтуынша, орталық 29 диагностикалық тесті-жүйенің технологиясын жасап, өндірісін ұйымдастырды және малдар мен құстардың, күйіс қайыратын уақ малдардың қорасан, оба, аусыл, құтыру, бруцеллез және туберкулез сияқты ауруларына қарсы ветеринария үшін 26 вакцина шығарды.

Сондай-ақ ғылыми ұжым Н5N1 құс тұмауына қарсы отандық алғашқы вакцинаның технологиясын жасады және оны өнеркәсіптік өндіруді ұйымдастырды. 2008-2010 жылдары 22,3 млн. доза вакцина даярланды, бұл ҚР-ның осы препаратқа қажетін толық өтеді.

2009 жылы A/H5N1тұмауына қарсы денсаулық сақтау мақсаттары үшін «Kazfluvac» интерактивтік вакцинасының және A/H1N1 доңыз тұмауына қарсы "Refluvac" интерактивтік вакцинасының технологиясын жасады. Тұмау және токсикология ғылыми-зерттеу институтының (Санкт-Петербор), сондай-ақ ҚР дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығының (Алматы) базаларында оларды клиникаға дейінгі сынақтан өткізу жүргізілді. 2010 жылы аталған мекемелерде вакциналарды клиникалақ сынау жұмыстары басталды.

Бұдан басқа «Экобак» деп аталатын мұнаймен ластанған топырақты тазартатын отандық жоғары тиімді препарат, бидайдың жоғары өнім беретін бес сұрыбы және күріштің екі жаңа сұрыбы жасалды.