«Өздеріңіз білетіндей, VII қысқы Азия ойындарының басталуына 56 күн қалды және ҚР Премьер-Министрі бүгін Астанадағы спорт нысандарында болып, олардың қаншалықты жарысқа дайын екендігін тексерді. Бүгін нысандардың дайындығы 99 пайызды құрайды деп болжауға болады. Барлығы мерзімінде дайын болады және жаңа жылға дейін айтылған сындар мен аяқталмаған жұмыстар жойылады», - деді журналистерге ҚР туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев.
8 773 орынға арналған коньки тебу стадионының құрылысын «Сембол» АҚ жүргізіп жатыр. Бұл жерде төрт жүз метрлік жүгіру жолы, қонақ үй, жаттығу залы мен ойын залы, фитнес-клуб, SPA орталық, дәмханалар мен буфеттер желісі орналасатын болады. Жобаның сметалық құны 20,8 млрд. теңге. 18,6 млрд. теңгеге салынып жатқан республикалық велосипедпен жарысу алаңын «Ferrimex-Stahlwarenhandel GmbH» ЖШС тұрғызып жатыр. Кешен ішінде волейбол, баскетбол және футбол алаңдары, бірнеше бассейндер, фитнес-орталықтар мен мұз аренасы болады. «Қазақстан» Спорт сарайы мен мұз айдынын қайта жаңартуды «Шар құрылыс» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны 3,4 млрд. теңге.
Естеріңізге сала кетейік, Азиада-2011 ойындары Астана мен Алматы қалаларында алдағы жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында спорттың 11 түрі бойынша жарыстар өтеді.