«ТМЫК Бас хатшысы Х.Акынджымен және Кеңестің экономикалық блогының делегация басшыларымен кездестім», - деп жазды Кәрім Мәсімов Twitter-ге.
Кездесуге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынджы, Кеңестің экономикалық блогының делегация басшылары: Әзірбайжанның Экономикалық даму министрі Шахин Мұстафаев, Түркияның Даму министрі Джевдет Йылмаз, Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов және Қырғызстанның Экономикалық реттеу министрінің орынбасары Санжар Мұқанбетов қатысты, деп жазылған http://pm.kz . сайтында.
Әңгіме барысында түркітілдес мемлекеттердің қаржы-экономикалық даму мәселелері, ТМЫК аясындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ энергетика және транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кәрім Мәсімов министрлермен 20-21 қазанда Алматыда өтетін Мемлекет басшыларының бірінші саммитіне дайындық барысын да талқылады.
«ТМЫК - түркі халықтарының бірлігін нығайтуды мақсат еткен өңірлік бірлестік болып табылады. ТМЫК құру туралы алғашқы ойды 2006 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын», - деп нақтыланған http://pm.kz . сайтында.