ҚР Үкіметі 2016 жылғы ЖІӨ-нің өсімі болжамын 0,5 пайыз деңгейінде қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы ЖІӨ-нің өсімі бұрын мақұлданған 0,5% деңгейінде қалады. Бұл туралы бүгін жаңа жасақталған ҚР Үкіметінің алғашқы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Сіздердің қарауларыңызға екі құжат енгізіліп отыр, яғни біріншісі - Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы, ал екіншісі  - «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы», - деді министр.  

Ведомство мәліметіне қарағанда, әлемдік экономиканың ағымдағы жағдайын, тауар нарықтарындағы конъюнктураны және ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан экономикасы салаларының даму қорытындыларын ескере отырып, 2016 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды.

«Бұл ретте мұнайдың орташа жылдық бағасы бір барреліне 30 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейін өсті. Металл бағаларының өзгеру индексі 2015 жылдың деңгейіне 15,0%-дан 12,7%-ға дейін төмендеді. АҚШ долларының орташа жылдық есептеу бағамы бір АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде сақталды. Ағымдағы жылғы қазан айында «Қашаған» кен орнының іске қосылуының жоспарлануына байланысты мұнай өндіру көлемі 74,0 млн. тоннадан 75,5 млн. тоннаға дейін өсті», -деді Қ. Бишімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, биылдың басынан бергі экономика салаларының даму серпінін және жаңартылған сценарийлік жағдайларды ескере отырып, 2016 жылы ЖІӨ-нің өсуі бұрын мақұлданған 0,5% деңгейінде қалады. Ал номиналды ЖІӨ 44 трлн. 354,0 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл ақпан айында мақұлданған көрсеткіштен 187,5 млрд. теңгеге артық.

Министрлік мәліметінше, халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың АҚШ долларын құрайды.