Аталған құжатты бүгін Үкімет отырысында таныстырған ҚР Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, елімізде 2004 жылы «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы» заңдар қабылданған.
«Олар 8 жыл бойы қолданыста болғанына қарамастан аталған институттардың барынша кеңінен қолдануға айтарлықтай серпін бере алған жоқ. Осыған орай бүгінгі қарастырылып отырған заң жобасы арбитраждық және аралық соттар құзіретінің құқықтық ауқымын кеңейтуге бағытталған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, құжатта арбитраж және аралық сотының ведомствосына қарасты даулардың сипатын кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ арбитраждық және аралық соттар өмір мен денсаулыққа, жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұқпаумен байланысты мүліктік емес сипаттағы даударды қарауға құқылы еместігі туралы ережені заңнамалық тұрғыда бекітуді қарастырады.
Министрдің айтуына қарағанда, 2010 жылы соттар шамамен 700 мың азаматтық іс қараған. 2011 жылғы қаралған істер де осы шамада. «Осы сандардан көрініп тұрғандай-ақ соттардың азаматтық істерді қараудағы жұмыстарының көптігі үлкен. Бұл ретте 2011 жылы аралық соттар 22 - іс, ал арбитраждық сот 3 іс қараған. Біздің көзқарасымызша аралық және арбитраждық соттардың құзіретін кеңейту мемлекеттік соттардың жүктемесін барынша төмендетер еді», - Б.Имашев.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы Эконмикалық даму және сауда, Қаржы министрліктерімен, Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен және Президент әкімшілігімен келісілген.
Заң жобасын Үкімет мүшелері бірауыздан мақұлдады.