ҚР Үкіметі баспана құрылысына жеке инвестицияларды тартуға ниетті және мемлекеттік бағдарлама аясында қаржының игерілуіне қадағалауды күшейтпек

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Бүгінде баспаналы болу оңай шаруа емес екендігі баршамызға мәлім және бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі десек жаңылмаймыз. Атап айтқанда, ел азаматтарының басым бөлігі пәтерді нарықтық бағамен алуға қауқарсыз. Сондықтан бүгінде елімізде осы мәселені шешу үшін тиісті бағдарлама да жүзеге асырылуда. Осы орайда Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыға салынды.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның жаңа басшысы Айбатыр Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында банк желісі арқылы 6 мың пәтерлік 74 тұрғын үй тапсырылады.

Оның айтуынша, биылғы жылы тапсырылатын баспананың ауданы - 384 мың шаршы метр, ал оның жалпы құны - 43,4 млрд. теңге.

Бағдарламаны іске асыру басталғалы банк пен жергілікті атқарушы органдар арасында жалпы ауданы 875 мың шаршы метр аумақтағы 13,7 мың пәтерлік 171 тұрғын үйдің құрылысы бойынша келісімдер бекітілді.

«2013 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы ауданы 324 мың шаршы метрдегі 5 мың пәтерлік 63 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалған 34 үйді біз алдағы кезеңде тапсыратын боламыз», - деді ол.

Банк басшысы өз сөзінде бағдарламаға қатысу үшін жаңа ережелерді енгізу ұсынысын жасады. Осыған сәйкес, баспаналық жағдайын жақсартуға (баспанасын кеңейту) ниеттілерді «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысуға шектеу жасалуы мүмкін. Сондай-ақ алып-сатарлықтың жолын кесу бойынша бағдарламаға қатысушының өтініш берген өңірдегі міндетті тіркелуі ескеріледі.

Белгілі болғандай, пәтерге деген сұраныстың басым бөлігі Астана мен Алматыда байқалуда. Сонымен қатар жоғары сұраныс Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында тіркелуде.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басшысы Болат Палымбетов алдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 94 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйді тапсыру көзделгенін хабарлады.

Оның мәліметтеріне қарағанда, бағдарлама аясында қор құрылысшылармен бірлесе Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалалары мен Алматы облысында тұрғын үй құрылысының жеті жобасын жүзеге асыруда. Бекітілген келісімдер бойынша нысандардың жалпы ауданы 578 мың шаршы метрді құрады.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша биылғы жылы тапсырылатын нысандар тұрғысында орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстыры 76 пайыздан астам деңгейде. Осыны ескере отырып, бағдарлама аясында жыл соңына дейін 60 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2014 жылы сатып алу құқымен жалдамалы баспана үшін Жылжымайтын мүлік қорының 94 мың шаршы метр тұрғын үйі тапсырылмақ», - деді Б. Палымбетов.

Үкімет отырысында сөз алған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстанда несиелік баспананың құрылысы мен оны іске асыру бағытына 30,1 млрд. теңге қарастырылды. 1 қазандағы жағдай бойынша өңірлерге 20 млрд. теңге аударылып, оның 16,3 млрд. теңгесі немесе 81 пайызы иегерілген екен. Қаржының тиісті деңгейде игерілмеуі Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жол берілген.

Бұдан бөлек вице-министр кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 2013 жылы 17,5 млрд. теңге нысаналы трансферттер көзделгеннін атап өтті. Оның мәліметінше, 1 қазан жағдайына өңірлерге кестеге сәйкес 13,8 млрд. теңге бөлініп, 12,9 млрд. теңге немесе 94 пайызы игерілген.

«Қаражатты жеткіліксіз игеру Астана қаласында 79 пайызды көрсетіп отыр. Оның себебі - техникалық қадағалау бөлімі анықтаған ескертулерді жою, мердігерлердің жұмысты орындау кестесін сақтамау сияқты оқиғалар», - деп түсіндірді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, биыл бұл бағыт бойынша 285 мың шаршы метр 4 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Ал 2012 жылы жалпы көлемі 150 мың шаршы метрді құрайтын 2,6 мың пәтер салынған болатын.

«Іс жүзінде 9 айдың қорытындысы бойынша пайдалануға көлемі 81,4 мың шаршы метр 1372 жалға берілетін пәтер немесе жылдық жоспарлардың 29 пайызы орындалды. Пайдалануға берудің негізгі бөлігі қараша-желтоқсан айларына белгіленіп отыр», - деп атап өтті Қ. Өскенбаев.

Мұнымен қоса Қ. Өскенбаев 2013 жылға жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары - 117 мың шаршы метрді немесе 1,6 мың пәтерді қамтып отырғандығын сөз етті.

Осы орайда 9 айдың ішінде көлемі 40,7 мың шаршы метр 680 пәтер немесе жылдық жоспардың 35 пайызы салынды. Бұл ретте, 6 облыста - Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодарда мерзімінен бұрын 2012 жылы жас отбасылар үшін көлемі 28,2 мың шаршы метр болатын 526 пәтер салынғанын атап өту қажет. «Осыларды қоса есептегенде, көлемі 68,9 мың шаршы 1206 пәтер немесе жоспардың 59 пайызы салынды», - деп атап өтті вице-министр.

Жас отбасылар үшін жалға берілетін қалған тұрғын үйлерді пайдалануға беру биылғы қараша-желтоқсан айларына жоспарланып отыр.

Үкімет отырысындағы талқылаулардан кейін Серік Ахметов министрліктер мен ведомстволардың басшыларына, сондай-ақ өңір әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

«Бірінші тапсырма Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне - «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша қаржы бөлу. Өңірлік даму министрлігіне - бюджет қаражатының уақтылы игерілуін бақылауға мониторинг жүргізу; облыстар, Астана мен Алматы әкімдеріне - биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді қамтамасыз ету», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл - орындалатын жоспар. «Сонымен қатар, бізге 2014 жылғы жоспарымызды да бір қарап шығу керек. Жыл соңында келесі жылғы тұрғын үй бойынша жоспарымызбен салыстыратын боламыз», - деді С. Ахметов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы әкімдерге аталған бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі ретінде жеке тұрғын үй құрылысын қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Өңірлік даму министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне бірлесіп үш жылдық «Үй салу комбинаттарын жүктеу бағдарламасын» жасап шығаруды тапсырды.

Серік Ахметов құрылысшылардың жауапкершілігін күшейте отырып, тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаржысын тартуды тапсырды. Осы орайда Үкімет басшысы баспана салуда негізгі үлес коммерциялық тұрғын үйге тиесілі екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде 90 пайыз деңгейіндегі көрсеткішке тең.

«Бұл - қалыпты көрсеткіш. Себебі, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бағыттарының барша әкімшілерінің басты мақсаты - тұрғын үй құрылысында жеке инвестицияларды ынталандыру, оның ішінде коммерциялық және жеке тұрғын үй құрылысы. Алайда, бұл жерде заңнамалық деңгейде бірқатар проблема бар. Тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу туралы заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, құрылыс салушы компаниялар үлескерлердің қаржысын тартуға құқы жоқ. Мен Өңірлік даму министрлігіне құрылыс жүргізетін компания мен үлескерлердің көңілінен шығатын тетікті әзірлеуді тапсырдым. Бүгінде аталған бағытта қиғаштық бар»,- деді С. Ахметов.