ҚР Үкіметі Индустрия 4.0 элементтерін енгізудің қадамдық жоспарын даярлайды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Үкімет биылдың соңына қарай төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу бойынша жоспарын даярлайды. Бұл туралы бүгін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл қыркүйек айында халықаралық сарапшылармен бірге өнеркәсіптердің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге дайындығының техникалық талдауын аяқтаймыз. Ал, жыл соңына қарай 2025 жылға дейінгі Индустрия 4.0 элементтерін енгізудің  қадамдық жоспары бойынша Үкімет қаулысын қабылдау күтілуде»,-деді Жеңіс Қасымбек.

Осы орайда министр елімізде бұл процестен қалмаудың мүмкіндігі бар екенін айта келе, «мұндағы мәселенің барлық қиындықтарына қарамастан, біз Индустрия 4.0 технологиясы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер әкелетінін көріп отырмыз. Соның ішінде тиімділікті арттыру, жаңа бизнес пен экспортқа бағытталған өндіріс құру мәселелерін айтуға болады»,-деді.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Индустрия 4.0 технологиясына көшу процесі әлем бойынша әлі бастапқы кезеңде келеді. Дамыған және тез дамушы елдердің басым көпшілігі өздерінің ұлттық цифрлы трансформация стратегияларын тек соңғы 4-5 жылда ғана іске асыруға кірісті.  Мәселен, Германия 2011 жылы, АҚШ - 2012, Жапония, Қытай, Еуроодақтың басқа да елдері - 2014-2015 жылдары қабылдады.

Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Индустрия 4.0 аясында  орын алуы мүмкін өзгерістер жайында әзірге толық түсінік жоқ. Өнеркәсіптердің жаңа стандартқа түбегейлі көшуі алдағы 10-15 жылға болжанып отыр.