ҚР Үкіметі инвестициялық климатты жақсартудың Кешенді жоспары жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі инвестициялық климатты жақсартудың Кешенді жоспары жобасын мақұлдады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

«Шетелдік және отандық тікелей инвестицияларды тарту бойынша іс-шаралардың Кешенді жоспарының және инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заңның жобалары қаралып, мақұлданды. Кешенді жоспар инвестициялық заңнаманы жетілдіруге, шетелдік жұмыс күшін тартуды, визалық режимді жеңілдетуге және тағы басқа да бірқатар шараларға бағытталған. Заң жобасы инвесторлармен жасалатын келісім-шарттардың тетіктерін қайта қарауды, инвестициялық артықшылықтарды кеңейтуді, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуды көздейді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, кешен жобасы Салық кодексіне, Инвестициялар туралы, Табиғи монополиялар туралы, Халықты жұмыспен қамту және Көші-қон туралы заңдарға өзгерістер енгізуге алып келеді.

«Бұл құжатты қабылдау инвестициялық климатты жақсартып, ел экономикасының басымдықты салаларына тікелей және шетел инвестицияларын тартуға бағытталған құралдарды енгізуді көздейді. Бүгін заң жобасы парламент Мәжілісіне енгізіледі», - деді ол.