ҚР Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті Қазақстан аумағында ұйымның қызметін заңдастыратын келісімге отырды

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі және Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК) Қазақстан аумағында ХҚКК-нің қызметін заңдастыратын келісім жасасты.

Аталмыш келісімге кеше ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров және ХҚКК-нің Орталық Азиядағы аймақтық делегацияның басшысы Ив Арнольди қол қойды.

«Біз аймақта аса жоғары ықпалы бар Қазақстанмен арадағы көпжылдық қарым-қатынастың ресми түрде заңдастырылуына қуаныштымыз»,-деді Ив Арнольди. «Бұл келісім біздің қазақ билігімен арамыздағы әріптестігімізді, соның ішінде аймақтағы гуманитарлық мәселелер бойынша сұхбатымызды ары қарай дамытуға септігін тигізеді»,-деп атап көрсетті ол.

Келісім ХҚКК-нің мандатына сай қызметті және ағымдық жұмыстарды атқару барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған бірқатар артықшылықтар береді.

ХҚКК Орталық Азияда 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ұйым Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде қызмет жасап жүр.