ҚР Үкіметі мен тиісті мемлекеттік органдарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасын іске асыру жөнінде тиісті шаралар қолдануға ұсыным жасалды

АНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті,

деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Отырыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасын және Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған Іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің 2010 жылғы рейтингтері қаралды.

Комиссия отырысын аша отырып Қ. Саудабаев: «Ағымдағы жыл - Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының жылы Қазақстан үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтудегі ерекше жауапкершілік жылы болып саналады. Осыған байланысты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың табысты орындалуы мемлекеттік органдар мен жалпы қоғамның алдағы уақыттағы жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресіне тікелей байланысты болмақ», - деп атап көрсетті.

Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Бас прокурор А.Дауылбаев, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қ.Нұрпейісов, Ішкі істер министрі Қ. Қасымов, Әділет министрі Р.Түсіпбеков, Қаржы министрі Б.Жәмішев хабарламалар жасады.

Отырыс қорытындысы бойынша, Комиссия тарапынан Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасын іске асыру және Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау жөнінде тиісті шаралар қолдануға ұсыным жасалды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы 2010 жылғы сыбайлас жемқорлық деңгейі рейтингтері көрсеткішінің нәтижелері мақұлданды.