ҚР Үкіметі мұнайдың барреліне 20 доллар бағамы кезінде экономиканы дамытудың сценарийін әзірледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі мұнайдың барреліне 20 доллар бағамы кезінде экономиканы дамытудың сценарийін әзірледі. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«Үкімет барлық мәселені назарда ұстап отыр. Мұнай бағамы барреліне 30 доллар, 20 доллар және одан төмен болған жағдайда сценарийлерді жүзеге асыруды қарастыру кезеңіндеміз. Сондықтан бізде қаржыландыру бойынша ешқандай қауіп жоқ»,-деді Б. Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде бюджеттің шығыс бөлігі айтарлықтай оңтайландырылды және бұл өз кезегінде экономиканың дамуына мүмкіндік береді.

«Шығыстардың негізгі бөлігі - әлеуметтік төлемдер. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы оның үлесі 39 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Әрине, мемлекеттік аппаратқа қатысты бөлікті оңтайландыру бойынша белгілі бір резервтер бар, алайда ешқандай да әлеуметтік міндеттемелер қысқартуға жатпайды»,-деді ведомство басшысы.

Мұнымен қоса ол бүгінде әлемдік үдерістердің еліміздің экономикасына ықпалын тыңғылықты зерделеу керектігін сөз етті.

«Біз алдағы аптада экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында талқылаулар өткіземіз. Бұл тұрғыда сценарийді қашан, қай мерзімді жүзеге асырудың нақты шешімі әзірленеді»,-деді Б. Сұлтанов.

Министр Үкіметтің шығыстарын қаржыландыру бағытында бүгінде ешқандай да проблемалар жоқ екенін қадап айтты.

«1 млрд. доллар көлеміндегі қаржы 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында игеріледі. Бізде қарызға алу аясында зейнетақы қорының ресурстары бар, кепілдендірілген трансферттер мен ағымдағы түсімдер қамтылған. Сондықтан да қаңтарға 700 млрд. теңгеге тарта жоспар тұрғысында осы шығыстардың жартысын еш проблемасыз қаржыландырдық»,-деп түйді министр.