ҚР Үкіметі Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын қабылдады

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметі отырысында Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы қабылданды.

Аталған мәселе бойынша сөз алған ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, бұл жоба ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының Жалпы ұлттық жоспарына сәйкес әзірленген.

«Халық санының өсуі, климаттық өзгеру мен оның салдарынан табиғи апаттардың көбеюі, сондай-ақ, экологиялық жүйелердің деградациясы жағдайында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басым бағыт болуы керек. Алдағы уақытта елдердің экономикалық дамуы су ресурстарына тікелей байланысты болмақ»,- деді ол.

Оның айтуынша, бағдарлама жобасы барлық мемлекеттік органдармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімшіліктермен келісілген. Талап етілген барлық сараптамадан өткен. Республикалық бюджеттік комиссия бағдарламаның 8,2 трлн. теңге құрайтын жалпы бюджетін қолдаған.