ҚР Үкіметі «В» және «С» вирусты гепатитімен ауыратындарды емдеуді қаржыландыру туралы шешім қабылдады - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - «В» және «С» вирусты гепатиті бойынша эпидемиологиялық жағдайды, осы аурумен ауыратындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында, сонымен қатар, оларды емдеудің қымбатшылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі «В» және «С» вирусты гепатитімен ауыратындарды емдеуді қаржыландыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

2010 жылдан бері «В» және «С» вирусты гепатитін жұқтырған балаларды, сонымен қатар жұқтыру қауіпі бар медициналық қызметшілер мен студенттерді емдеу жүзеге асырылып келеді. 2011 жылдан бастап емделушілердің жеке өзгешеліктерін ескере отыра халықаралық емдеу стандарттарына сәйкес қазіргі заманғы препараттармен ересек адамдарды емдеу жұмыстары басталады.

Емдеумен қамтылу жұқтыру қауіпі бар адамдар арасында «В» және «С» вирусты гепатитін жұқтыруды анықтауға арналған диагностикалық тексерулерге байланысты арттырыла береді. Мәселен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап «В» және «С» вирусты гепатитін балалардан тексеру үшін қаржы қарастырылған, ал 2012 жылдан бастап тексерулер ересектерге қатысты жүргізіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.