ҚР Үкіметінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті
19:41, 22 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кеңеске индустрия және сауда, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, энергетика және минералды ресурстар министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ, «Қазагро» ҰХ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жетекшілері, ӘКК жұмыстарына жауапты облыстар әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Кеңес барысында әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың «Самұрық-Қазына» ӘАҚ құрылымындағы әрі қарай даму мәселелері, ӘКК ағымдағы мәселелері мен жұмыстарының нормативтік базасы талқыланды. ӘКК құру кезеңінен бастап Үкіметте олардың бастапқы қалыптасу кезеңіне қолдау көрсетуге байланысты белгілі бір жұмыстар жүргізілді. ӘКК дамуының тұжырымдамасы айқындалып, ӘКК-дың әкімдіктермен меморандумдары бекітілді, ӘКК жарғылық капиталына беру туралы Азаматтық кодекске қажетті өзгертулер енгізілді, мемлекеттік мүлікті берудің тізбесі бекітіліп, Парламентке «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң жобасы енгізілді. Негізгі қызметті іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл шаралардың барлығы 2007 жылдың соңы мен 2008 жылдың басында қабылданды. 2008 жылдың басында ӘКК жұмысына қажетті база құрылды. ӘКК жетекшілерінің 2007-2008 жылдардағы қызметтерінің есептерінің қорытындыларына сәйкес бұл кезеңде ӘКК-да белгілі бір жұмыстың атқарылғаны, алайда қалыптасқан қарқын әлі де қанағаттанғысыз екені атап өтілді. 2008 жылдың соңында ӘКК барлығы «Самұрық-Қазына» ӘАҚ компаниясы жүйесіне енгізілді және бүгінгі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды өткзу шаралары аяқталды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары алғашқы кезекте «Самұрық-Қазына» қорына қордың еншілес компанияларының құрылымында ӘКК рөлін айқындау, арнайы құрылған жұмыс тобына қысқа мерзімде «жергілікті жерде даму институттарының рөлі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы аймақтардың экономикалық дамуына ықпал ететін» миссияларын есепке ала отырып, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың әрі қарайғы дамуының тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Аталған тұжырымдама бір аптадан соң кезекті кеңесте талқыланады. Әр аптаның бейсенбісіне жоспарланған кезекті кеңесте әр ӘКК қызметіне қатысты мәселелерді жан-жақты қарау, оның ішінде ішкі ұйымдастыру мәселелері, сондай-ақ, іске асырылып жатқан және жоспарланған жобаларды қарау көзделіп отыр. Кеңес барысында ӘКК басқарма төрағаларының, еншілес ұйымдардың жетекшілерінің және тиісті облыстар әкімдерінің жауапты орынбасарларының есептері тыңдалатын болады.