ҚР Үкіметінде аймақтық инвестициялық жобалар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жобаларын орындау барысы қаралды

None
АНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Экономиканы жаңарту мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Оның жұмысына мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» Ұлтық әл-ауқат қоры» АҚ-ның, ұлттық компаниялардың, даму институттарының, облыс әкімдіктерінің басшылары  мен елдің жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ауқымындағы инвестициялық жобалардың бастамашылары қатысты.

Селекторлық кеңес форматында өткен отырысқа қатысушылар Қазақстанды индустрияландыру картасына енгізу үшін ұсынылған аймақтық инвестициялық жобалар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы хабарламаны тыңдады.

Жобалар бастамашыларының таныстырылымдары тыңдалды, онда олардың ағымдағы жай-күйі, жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер атап өтілді.

Премьер-Министр жауапты басшыларға жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Бұдан басқа Экономиканы жаңарту мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшелері  шағын және орта бизнесті қолдау шаралары бойынша ұсыныстарды қарады.