ҚР Үкіметінде экономиканың үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ағымдағы экономикалық жағдай туралы селекторлық режімде мәжіліс өткізді, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметінен.

Мәжіліс жұмысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты. Б.Сағынтаев атап өткендей, әлемдік экономика өсімінің бәсеңдегені байқалады.

Еуропа мен АҚШ елдерінің Ресейге қатысты санкцияларымен байланысты Қазақстанның ағымдағы экономикалық жағдайы мен РФ-ның жауап ретіндегі санкцияларына байланысты ықтимал тәуекелдер туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев баяндады. Өңірлерді мұнай өнімдерімен, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету және тұрақтандыру қорларын азық-түлік ресурстарымен толықтыру мәселелері де қаралды. Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Б. Сағынтаев ел экономикасының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттілігін баса айтты. Селекторлық мәжіліс нәтижесі бойынша Б.Сағынтаев тиісті мемлекеттік органдар мен облыс әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.