ҚР Үкiметiнде елдегi еңбек қатынастарын реттейтiн 2015-2017 жылдарға арналған бас келiсiмге қол қойылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның кеңейтілген отырысында Үкімет, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында 2015-2017 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды.

Келiсiмдi әзiрлеуге әлеуметтiк әрiптестер - Кәсiподақтар федерациясы, Қазақстанның еңбек федерациясы, Қазақстанның еркiн кәсiподақтары федерациясы, Ұлттық кәсiпкерлер палатасы және жұмыс берушiлердiң салалық қауымдастықтары қатысты.

ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, аталмыш келiсiм жұмыс берушiлердiң алдында үлкен мiндеттер жүктейдi. Әсiресе, жұмысшылардың арасында еңбек дауының туындамауын, жұмыс орындарының негiзсiз қысқартылуын және әлеуметтiк пакеттердiң толыққанды берiлуiн қамтамасыз ететiн болады. "Айта кетейiн, қол қойылған келiсiм әлеуметтiк еңбек және соған бағынышты экономикалық қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған. Бұл құжатта еңбек және әлеуметтiк саланың бар қырлары көрсетiлген. Келiсiм жақын болашаққа белгiленген экономикалық-әлеуметтік мақсаттарды ескере отырып жасалды. Сонымен қатар "Кәсiподақтар туралы" жаңа заңның ерекшелiктерi ескерiлдi", - деп атап өттi бiрiншi вице-премьер құжатқа қол қою рәсiмiнде.