ҚР Үкіметінде мемлекеттік сатып алулар жүйесінің жаңа тұжырымдамасы талқыланды

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен мемлекеттік сатып алулар жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері жөнінде отырыс өтті.

Үкімет басшысы сайтында хабарланғанындай, селекторлық режимде өткен отырыс барысында қаржы министрі Болат Жәмішев сатып алу жүйесін жақсарту, үдерістердің ашықтығы мен қолжетімділігі жөніндегі жаңа тұрғылар туралы баяндады.

Электрондық сатып алулардың өміршеңдігін және үлкен әлеуетін атап өте отырып, ол мемлекеттік сатып алулар веб-порталы бойынша ақпаратты ұсынды, Call-орталыққа жүгінудегі байқалған проблемалар және шешу жолдарына, сатып алу бағаларына мониторинг, шарт бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Қазіргі жүйені жақсарту бойынша министр мемлекеттік сатып алудың орталықтандырылған органын құруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай орган құқықтық және техникалық біліксіздік мәселесін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың веб-порталын пайдаланумен байланысты проблемаларды шешуі тиіс.

«Жүйені орталықтандыру сатып алу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге, байқаулардың өткізілмей қалуын жоюға, тапсырыс беруші мен сатып алуды ұйымдастырушы орталық арасындағы өзара бақылауды күшейтуге көмектеседі», - деді Б.Жәмішев. Сонымен қатар ол орталықтандырылған сатып алу органдарының құзыреті мен тапсырыс берушінің өкілеттіктеріне тоқталып кетті.

Отырыс қорытындысын шығара келе, Үкімет басшысы талқыланып отырған «мемлекеттік органдар, бизнес, экономика салаларын қамтитын» мәселенің маңызына назар аударды. С.Ахметов «электрондық сатып алудың баламасы жоқ, сондықтан мемлекеттік сатып алудың жаңа тұжырымдамасын мұқият әзірлеп, ілкі жоба ретінде іске асырып қарау керек» деп атап өтті.