ҚР Үкіметінің басшысы Қазақстан Республикасындағы нашақорлықпен және есірткіге қарсы күрес мәселелері жөнінде отырыс өткізді
20:29, 08 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасында нашақорлықпен және есірткіге қарсы күрес мәселелері жөнінде отырыс өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Отырысқа қатысушыларға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтың басшылығымен арнайы жұмыс тобы дайындаған 2009-2011 жылдарға арналған ұлттық бағдарламаның жобасы ұсынылды. Құжат есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөнінде тиімді шаралар жасауға және оның Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау жолына тиімді кедергілер құруға бағытталған. Сондай-ақ отырыста жастар және басқа да «тәуекелі жоғары топтар» арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан басқа есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі Орталық Азия аймақтық үйлестіру орталығының қызметін жедел дамыту қажеттігі атап өтілді. Жалпы алғанда ҚР Премьер-Министрі нашақорлық және есірткі бизнесімен күрестің орта мерзімдік бағдарламасы жобасының ережесін қолдады, есірткі ағынына қарсы тұру үшін Қазақстанның оңтүстік шекарасын бекітуді күшейтуді тапсырды.Таяу арада жоба бағдарламасы ҚР Үкіметінің отырысында қаралады.