ҚР Үкіметінің қаулысымен Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелері бекiтілді

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің қаулысымен 2011 жылдың 25 қазанынан №1206 бұйрығымен Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелері бекiтілді.

         ***

Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелерін бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу қағидаларын бекiту туралы«Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

                                                                          Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2011 жылғы 25 қазандағы №1206 қаулысымен бекітілген

Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша  басқаруды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Астық туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғым­дар пайдаланылады:
1) астық қабылдау кәсiпорны - меншік құқы­ғында астық сақтау жүзеге асырылатын астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;
2) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша бас­қару (бұдан әрі - уақытша басқару) - астық қа­был­дау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақ­сатын­да оларға қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргізу;
3) астық қолхаттары бойынша мiндетте­ме­лердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушы­лар­дың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
4) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қосарлы куәлiк;
5) астық қолхатын ұстаушы - астық иесi, астық қолхаты бойынша индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;
6) уақытша басқару жөнiндегi комиссия - уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқару­шы органының, астық қабылдау кәсiпор­нының, сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың, астық қабылдау кәсіпорны қатысуға шарт жасаған астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) өкілдерін қамтитын алқалы орган;
7) уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде астық нарығын реттеу салаласындағы бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствосы.
3. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия жә­не уақытша әкiмшiлiк уақытша басқаруды жүргізу кезінде астық қабылдау кәсіпорнында технологиялық операциялардың толық циклын өткізуді және астық қолхаттарын ұстаушы­лардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.
4. Уақытша басқаруды жүргізу кезінде уәкі­летті орган және оның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) осы Қағида­лар­да анықталған мерзімнен аспайтын мүм­кін­дігінше қысқа мерзімде қажетті шараларды қолдануды қамтамасыз етеді.
2. Уақытша басқаруды енгізу үшін негіздер
5. Уәкілетті органның дербес қабылдаған шешiмi бойынша не астық қолхаттарын ұстау­шы­лардың өтініші бойынша астық қабылдау кәсiпорны мынадай негiздемелердiң бiрi:
1) астық сақтау жөнiндегi шарттық мiн­дет­темелердің үнемi тиісінше орындалмауы;
2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астық мөлшерiнiң астық қабылдау кәсiп­ор­нында сақтаулы астықтың нақты мөлшерiнен асып кетуі бойынша ғана уақытша басқаруға берiлуi мүмкiн.
3. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі
6. Аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болатын фактілер анықталған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде:
1) уәкілетті органға астық қабылдау кәсiп­орынын тексеру актісін және (немесе) астық қолхаттарын ұстаушылардың өтінімдерін (олар болған кезде) қосып, уақытша басқаруды енгізу үшін негіздердің бар екені туралы қорытын­дысы бар уақытша басқаруды енгiзу туралы ұсы­нымды факсимильді байланыс арқылы (кейін түпнұсқасын жіберуімен) жолдайды;
2) астық қабылдау кәсiпорнына, астық қа­был­дау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан ас­тық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орын­дауға кепiлдiк беру қорына (қорларына) және сол астық қабылдау кәсiпорны берген ас­тық қолхаттарын ұстаушылардың бәрiне ұсы­ныс жіберілген мерзімнен бастап күнтізбелік үш күн ішінде мұндай ұсынысты алу фактісін және жіберу фактісін растайтын тәсілмен уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жiбередi.
7. Осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тар­мақ­шасында көрсетілген негіздердің бар екені туралы аумақтық бөлімшенің қорытындысын алған кезде уәкілетті орган аумақтық бөлімше ұсынған құжаттардың көшірмесін бір уақытта құқық қорғау органдарына қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтауға береді.
8. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тар­мақшасында көрсетілген жеке және заңды тұлғалар кандидатура ұсынбаған не олар ұсы­нудан бас тартқан жағдайда аумақтық бөлім­ше уақытша басқару жөніндегі комиссияны дербес қалыптастырады.
Уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы бойынша ұсынысты аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу туралы ұсыным жіберілген күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органға береді.
9. Уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы ұсынымды алған кезден бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм қабылдайды, онда мыналар:
1) астық қабылдау кәсiпорнының атауы, ор­наласқан жерi мен мекенжайы;
2) уақытша басқаруды енгiзу үшiн негiздеме;
3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзiмi;
4) астық қолхаттары бойынша мiндетте­ме­лердi орындау мақсатында астық қабылдау кәсiпорнының қызметiне қойылатын шектеу­лердiң тiзбесi;
5) бес адам тұратын уақытша басқару жөнiн­дегi комиссияның дербес құрамы, олар: астық қолхаттарын ұстаушылар - 1, астық қабылдау кәсіпорнының өкілдері - 1, астық қабылдау кә­сіп­орны қатысу шартын жасасқан астық қол­хат­тары бойынша міндеттемелерді орындауға кепі­л­дік беру қорынан (қорларынан) - 1, уәкілетті органнан немесе аумақтық бөлімшеден - 1, облыстың жергілікті атқарушы органынан - 1;
6) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша бас­қару режимiндегi астық қабылдау кәсiпор­нының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындап, бұл құжаттарды уа­қыт­ша әкiмшiлiкке табыс ету туралы және сол ас­тық қабылдау кәсiпорны берген астық қол­хаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгiзiлуi жөнiнде мiндеттi түрде хабарлау туралы нұсқама болуы тиiс.
10. Уақытша басқаруды енгізу туралы уәкі­летті органның шешіміне мүдделі тұлғалар сот тәртiбiмен шағым жасайды. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмнiң қолданылуын тоқтата тұрмайды.
11. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уәкілетті орган уақытша басқаруды енгiзу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:
1) уақытша басқару жөнiндегi комиссияның төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны бекітуге уәкiлеттi органға жолдайды;
2) астық қабылдау кәсіпорнына қызмет ету­ші банктің мекенжайына астық қабылдау кәсіп­орнының шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жiбереді.
12. Аумақтық бөлімше уәкілетті орган уа­қытша басқаруды енгiзу туралы шешім қабыл­даған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде а­с­тық қабылдау кәсiпорнының қаражаты есебі­нен республикалық, облыстық маңызы бар кемiнде екi газетте мемлекеттік және орыс тілінде:
1) уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді;
2) астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысында астық қолхаттарын ұстаушылардың қа­ты­су құқығы туралы хабарламаны жариялайды.
13. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уа­қытша басқаруды енгізу туралы шешім жа­рия­ланған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкiмшiлiктің құрамына өкілдерді сайлау үшін астық қолхаттарын ұстаушылардың жи­налысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкiмшiлiктің құрамын бекітеді.
14. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
1) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жө­нiн­дегi барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке көшедi;
2) құрылтайшылардың (акционерлердiң) астық қабылдау кәсiпорынын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) астық қабылдау кәсiпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерiнің өкілеттiгi тоқтатыла тұрады;
4) уақытша әкiмшілiкке айтпай және оның жаз­баша келiсiмiнсiз астық қабылдау кәсіп­орнының атынан және соның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
15. Уақытша әкiмшiлiк:
1) өз құзыретi шегiнде астық қабылдау кәсіпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiмдер қабылдайды;
2) қажет болған жағдайда уақытша басқару кезеңіне астық қолхаттарынан туындайтын бар­лық талаптардың оларда көрсетілген астық кө­ле­мiнiң жиырма пайызына дейiнгi мөлшерінде қанағаттандырылуын тоқтата тұрады;
3) астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттары бойынша оның мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қояды;
4) астық қабылдау кәсіпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, оның iшiн­де сотта да, жүзеге асырады;
5) астық қабылдау кәсіпорны астық қолхат­тарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарынан туындай­тын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiн­шi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қояды;
6) егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын және олардың бөліктерін ұстау­шы­л­ардың алдында азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін сақтандыру келісімін жасаған болса, сақтандыру компаниясына астық қолхаттарын ұстаушылардың сақтандыру төлемдерін төлеуді жүзеге асыру туралы талап қояды;
7) астықтың сақталуына байланысты өндi­рiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартады;
8) астық қабылдау кәсiпорынын уақытша басқару кезеңіне өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады.
16. Мөрлер, мөртабандар, бланктер, құнды зат­тар, үй-жайлар мен сейфтердің кілттері, ас­тық қабылдау кәсіпорнының құжаттамасы, құрылтай­шы­лық, құқық белгілеуші және тіркеу құ­жаттары­ның түпнұсқалары еркін нысандағы қа­был­дап алу-беру актісі бойынша уәкілетті орган уа­қытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күн­тіз­белік күн өткен соң уақытша әкiмшiлiкке беріледі.
17. Балансқа енгізілген немесе енгізілмеген уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсіпорнының барлық мүлкі уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күнтізбелік күн өткен соң түгенделеді. Балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көр­сетіліп, кейін балансқа енгізілуі тиіс.
18. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия:
1) уақытша әкiмшiлiкке астық қабылдау кә­сiп­орынын уақытша басқару кезеңiндегi қыз­мет­тiң негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар береді;
2) уақытша әкiмшiлiктен оның қызметi және астық қабылдау кәсіпорнының қызметі туралы ақпарат берудi талап етеді;
3) уақытша әкiмшiлiктiң жұмыс жоспарын бекітіп, атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдайды;
4) уақытша басқарудың мерзімін оны енгіз­ген себептер жойылмаған жағдайда бір жылдан аспайтын мерзiмге ұзартады;
5) уақытша әкiмшiлiктің қорытынды есебін бекітеді, және уәкiлеттi органға уақытша бас­қаруды аяқтау туралы ұсыныс енгiзеді.
4. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның және уақытша әкімшіліктің жұмыс тәртібі
19. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия он­дағы жалпы дауыстар санының кемiнде үш­тен екiсiн иеленетiн өкiлдер қатысқан жағдай­да шешiм қабылдауға құқығы бар.
20. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия­ның отырысы қажет болғанда ғана жүргізіледі.
21. Уақытша әкімшіліктің негізгі қызметінің бағыттары туралы уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады, хаттамамен ресiмделедi, оған комиссияның төрағасы, мүшелерi қол қояды.
22. Егер астық қабылдау кәсіпорны астық қол­хаттарын орындау жөніндегі кепiлдiк беру қорының (қорлардың) қатысушы болмаған жағдайда шешім қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi комиссиядағы өкiлдердiң да­уыстары пайыздық қатынаста былайша бөлiнедi:
1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу пайыз;
2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз.
Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхат­тарын орындау жөніндегі кепiлдiк беру қорында (қорларында) қатысқан жағдайда шешім қабыл­даған кезде уақытша басқару жөнiндегi комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары пайыздық қатынаста былайша бөлiнедi:
1) астық қолхаттарын ұстаушылар - жиырма бес пайыз;
2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз;
4) астық қолхаттарын орындау жөніндегі ке­пiлдiк беру қоры (қорлары) - жиырма бес пайыз.
5. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі
23. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мынадай негiздемелер:
1) уәкілетті органның шешiмiмен белгi­лен­ген уақытша басқару мерзiмiнiң аяқталуы;
2) уақытша басқарудың мерзiмiнен бұрын аяқталуы туралы уәкілетті органның шешiм қабылдауы;
3) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша тоқтатылады.
24. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқ­аруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себеп­тердiң жойылуына байланысты тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату) осы астық қабылдау кәсіпорнына қатысты уәкілетті орган немесе уақытша әкiмшiлiк белгілеген барлық шектеулердің күшін жоюға әкеп соғады.
25. Егер астық қабылдау кәсiпорнын уақыт­ша басқару астық қолхаттары бойынша мiн­дет­темелердi орындау қабiлетiн қалпына келтiруге жеткiзбесе, уәкілетті орган:
1) астық қолхаттарын беру арқылы қой­ма­лық қызметін жүзеге асыру құқығына астық қабылдау кәсіпорнын лицензиядан айыру туралы облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына ұсыныс енгізеді;
2) астық қабылдау кәсiпорнын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз беруге бастама жасайды.