Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
2015 жылға дейінгі ҚР-дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы (Қаржы полициясы) Қайрат Қожамжаров таныстырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру бағдарламаның алдыңғы қатарлы міндеті ретінде айтылды.
Осы міндетті жүзеге асыру үшін сондай-ақ жаңа технологияларды, интернет-ресурстарды, ұялы байланысты, әлеуметтік зерттеулердің әртүрлі формаларын, БАҚ өкілдері мен қоғамдық бірлестіктерді тарту арқылы әрүрлі семинарлар мен тренингтерді өткізу қолға алынбақ.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды марапаттау мен қорғау тетіктері, қол астындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік орган басшыларын жауапкершілікке тарту тетігі әзірленетін болады.
Бағдарламаның тағы бір басым бағыты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту болып отыр. Қазақстан сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік жөніндегі еуропалық конвенцияны бекіту шараларын жалғастырады. Бұл шет елде қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүрген қылмыскерлерді қолға түсіру мен заңсыз жолмен жымқырылған қаржыны қайтару мәселесін шешпек.
ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы Бағдарламаның сөз бостандығына, БАҚ пен Қазақстандағы Интернеттің дамуына тигізетін әсерін жоғары бағалады.