ҚР ҰҚК Шекара академиясында жас түлектерді шығарып салу рәсімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясында жас түлек офицерлерді шығарып салу рәсімі болып өтті.

Жас офицерлерді ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов академиядағы оқуларының аяқталуымен құттықтады. Мемлекеттік шекараны күзететін офицерлерді дайындайтын осы оқу ордасының түлектерінің арасынан болашақта командирлер мен генералдардың шығатындығына сенім білдірді.

- Сендер Отанға адал қызмет етудің, офицерлік ар-намыстың үлгісін көрсетулерің керек, - деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов.

Биылғы жылы Шекара қызметінің офицерлік құрамы 250 түлекпен толығатын болады, олардың арасында 14 лейтенант академияны үздік бағамен аяқтады, ал Астана күні қарсаңында мемлекеттік шекара сақшыларының 5-уі «лейтенант» әскери шенін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолынан алу құрметіне ие болып отыр. Жас лейтенанттардың 28-інің таяу шығыс елдерінен келуі Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосып келе жатқан нақты ісінің дәлелі болып табылады. Сондай-ақ, 17 тыңдаушының бір жылдық курсты бітіргендігін де атап өткен орынды.

Мерекелік іс-шара әдеттегіше жас лейтенанттардың офицерлік вальс билеуімен ашылды. Саптық жаттығулар өтетін алаңда түлектерден құралған 60 жұп дөңгеленіп биге шықты. Одан кейін 3-оқу дивизионының курсанттары қару-жарақты қалай меңгергендіктерін іс жүзінде көрсетті. Әрине, бүгінгі күннің басты талабы - оқу барысында тәжірибеге мейлінше зор көңіл бөлу. Соның нәтижесінде Шекара академиясының бүгінгі түлектері қару-жарақтың барлық түрін меңгеріп отыр, шекара ведомствосының сапында тұрған әскери және автомобильдік техниканың барлығын жүргізе алады, қызметтік иттермен жұмыс істеу тәсілдерін үйренген.

Қонақтар алдында түлектер шекара бұзушы адамды қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана отырып қалай ұстайтындықтарын көрсетті.

Шекарашы-офицерлерді дайындайтын ҚР ҰҚК Шекара академиясы Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар ТМД елдері үшін де беделді оқу ордасы болып табылады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.