ҚР ҰҚК Шекара қызметі көрсететін мемлекеттік қызмет регламенттері бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі көрсететін мемлекеттік қызмет регламенттері бекітілді. «ҚазАқпарат» ХАА құжаттың толық мәтінін ұсынады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрығы  №42

2015 жылғы 28 мамыр,  Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі көрсететін мемлекеттік қызмет регламенттерін бекіту туралы

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес «Аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда кәсіпшілік қызметті жүргізу үшін қазақстандық кемелердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес «Шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес «Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың Қазақстан Республикасының аумақтық суларына (теңізіне) және ішкі суларына шығуына рұқсаттамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі - ҚР ҰҚК Шекара қызметі) (Д.А. Ділманов) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және ресми жариялауды;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметі Директорының міндетін уақытша атқарушы Д.А. Ділмановқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Н.ӘБІҚАЕВ.

Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 30 маусымдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11504 болып енгізілді.

Құжаттың қосымшаларымен ресми басылымдарда танысуға болады.