ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы 11 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында генерал-лейтенант Нұрлан Айтманұлы Жоламановқа және подполковник Қайрат Көпжасарұлы Балмағамбетовке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жария етілді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әскери сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Н. Жоламанов пен Қ.Балмағамбетов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, сауда құрылымдарының өкілдерінен заңсыз іс-әрекеттер үшін, яғни ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қажетті тауар, жұмыс және қызмет, мемлекеттік сатып алу жүргізу кезінде бопсалаушылық жолмен аса ірі мөлшерде ақшалай түрде пара алып отырған деп айыпталған еді. Жоламанов құрған және басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топ 2013 жылдың жазынан 2014 жылдың тамыз айы аралығында жалпы сомасы 173 181 750 теңге және 436 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны пара ретінде алған.

Сот үкімімен Н.Жоламанов 11 жылға бас бостандығынан айыру, оған тиесілі жеке немесе бірлескен ортақ меншік үлесіндегі мүлкін тәркілеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте жауапты немесе басқарушылық қызметтер атқару құқығынан айыру, жазаны түзеу колониясының қатаң режімінде өтеуге сотталды.

Бұған қоса, сот Қазақстан Республикасы Президентіне Н.Жоламановты - «генерал-лейтенант» әскери атағынан және «2-ші дәрежедегі Даңқ» орденінен айыру туралы ұсыныс жолдауға үкім етті.

Н.А.Жоламановқа қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.

Қ.Балмағамбетов ҚР ҚК-нің 235-бабының 3-бөлігімен, 366-бабының 4-бөлігімен айыпты деп танылып, өкініш білдіргені үшін ҚР ҚК-нің 65-бабының талаптарына сай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Қ.Балмағамбетовке қатысты үйқамақта ұстау түріндегі шарасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылатын болады.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.