«Жасақтың алдында тұрған негізгі міндет шекаралық бақылауды жүзеге асыру болып табылады. Жыл сайын әр бөлімшенің қызметтік әлеуеті артып келеді, сондықтан сіздер бір орында тұрмауларыңыз тиіс» - деді ҚР Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов «Алматы» және «Астана» шекаралық бақылау жасағын аралау кезінде.
Инспекциялық тексеру барысында Н. Жоламанов Алматы халықаралық әуежайының президенті Айбол Бекмұхамбетовпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Алматы әуежайының басшылығы шекарашыларға жан-жақты көмек көрсетуге уәде етті, атап айтқанда, шекаралық қызмет бөлімшесіне қосымша ғимарат бөлуге, қажетті бейнебақылаумен жабдықтауға және қызмет бөлмелерін жөндеуден өткізуге көмектеспек.
Оңтүстік астананың әуе қақпасын күзету жұмыстарымен бірлесіп танысу әскери кезекшілік атқару орындарынан - өткізу бекетінің кезекші бөлмесінен, төлқұжаттық бақылау кабинасын және жасақтың басқа да инфрақұрылымынан басталды. Қызмет ұйымдастыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. «Алматы» ШБО-ындағы шекаралық бақылау бірнеше ауысыммен жүзеге асырылады. Шекаралық қызмет басшысы бұл жердің де өз қиындықтары бар екеніне көзі жетті. Жұмыс кестесі өзе тығыз. Бақылаушылардың мойнына орасан зор жүктеме және жауапкершілік артылған, сондықтан ШБО-ға мамандарды іріктеуге зор көңіл бөлінуі тиіс. Шекаралық қызмет басшысы анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюға және кезекшілік ауысымдар үшін барлық қажетті жағдайды жасауға бұйрық берді.
Жұмыс сапары барысында «Алматы» ШБО-ның шекарадан өтетін жүкті бақылау жасағының бақылаушылары прапорщиктер Жомарт Молдасанов және Қайрат Қамзин мақтау қағазымен марапатталып, оларға алғыс жарияланды.