ҚР ҰҚК ШҚ директорының бұрынғы орынбасары қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары Серік Әшімбаев қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Бұл туралы ҚР Әскери сотының баспасөз конференциясында Ақмола әскери сотының төрағасы Дәулет Молдабаев мәлімдеді.

"Сот тергеуі барысында мәселенің ақ-қарасын айырдық. Ол негізінен мемлекеттік сатып алулар жасаған кезде заңға қайшы әрекеттерге барған. Сот тергеуі кезінде 240 млн. теңгенің барлығы пәтерлер алуға жұмсалғаны анықталды", - деді Д.Молдабаев.

Оның сөзіне қарағанда, С.Әшімбаев алаяқтық үшін емес, қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпталып, оған шартты жаза тағайындалды. Бұл қылмысқа қатысы бар тағы екі тұлға 6 жылға бас бостандығынан айырылатын болды.

Д.Молдабаев бұл сот үкімі заңды күшіне әлі енбегенін айтты.

Осыған дейін ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары Серік Әшімбаев 2014 жылы 13 ақпанда қамауға алынған. Оған қызметтік бабын асыра пайдаланды деген кінә тағылды.

БАҚ-та хабарланғандай, С.Әшімбаевпен бірге ҚР ҰҚК ШҚ Бас тыл басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары А.И. Нұрманов пен «Astana Finance Union» ЖШС директоры М.Е. Мұқановқа да айып тағылған.