ҚР Ұлттық ұланы академиясында қызылшамен ауырғандар саны елуге жақындады

Фото: Фото: gov.kz.

Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясында қызылшаға байланысты шектеу шаралары енгізілді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында ауырғандар саны 46-ға жеткен, ішінде офицерлер де бар, деп хабарлайды Kazinform.

Академияның медициналық қызмет басшысы Азамат Тоқтарбаевтың айтуынша, қызылшамен ауырудың алғашқы жағдайы 12 қараша күні тіркелген. Ауырған жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Бүгінде жұқтырғандар саны 46-ға жетті, олардың 22-сі Петропавлдағы емдеу мекемелерінде ем алып жатыр, 24-і тәуір болған.

«Сырқаттанғандардың үшеуі – офицер, екеуі келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметші. Олардың жасы 40-тан асқан. Протокол бойынша қызылшаға қарсы екпе 30 жасқа дейін қойылады. Осы жағдайға байланысты жоғары оқу орнында шектеу шаралары енгізілді. Яғни академияда өтетін іс-шараларға сырттан адамдардың келуін, сондай-ақ біздің курсанттардың шетте болатын түрлі іс-шараларға баруын уақытша шектедік», - дейді Азамат Тоқтарбаев.

Жоғары оқу орнында инфекцияның таралуын тежеу мақсатында 641 адамға екпе егілді.

«Эпидемиялық жағдай тұрақталмаса, басқа шаралар қабылданады. Әзірге, маска режимі енгізілді. Ғимаратты күн сайын зарарсыздандырып, желдетіп отырамыз. Адам көп жиналатын шаралар өткізілмейді», - дейді медициналық қызмет басшысы.