ҚР Ұлттық академиялық кітапханада кітаптарды оқырмандарға 5 минутта жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи қондырғы енгізілді

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Айгүл Айтмұқанова/ - ҚР Ұлттық академиялық кітапханада қолданысқа енгізілген - «Tелелифт» тасымалдау жүйесі оқырмандарға кітаптарды 5 минутта жеткізеді.

Бұл туралы аталмыш кітапханада өткен ашық есік күнінде Кітап сақтау бөлімінің бас сақтаушысы Кенже Керімбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Tелелифт» тасымалдау жүйесі енгізілгелі бері жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Өйткені біз кітап тасымаймыз, әрбір стансының жанында өзінің пульті, кітап салатын контейнерлері бар. Әрі оқырмандар тапсырыстарын бұрынғыдай жарты сағаттан бір сағатқа дейін күтіп отырмайтын болды», - деп атап өтті К.Керімбекова.

Қазақстан «Tелелифт» жүйесі орнатылған Орталық Азиядағы тұңғыш, ТМД елдерінің ішінде екінші ел. Беларустың Ұлттық кітапханасы бұл жүйеге қосылғанына 5 жыл болса, Қазақстанның Бас кітапханасы заманауи жүйені желтоқсанның 25-інен бастап игере бастады.

«Tелелифт» жүйесі жолының жалпы ұзындығы - 450 метр. Оның бойында 16 станса және кітаптар тиелген арбалардың бағытын өзгертетін 13 нұсқау орнатылған. Салмағы 10 киләға дейін әдебиет тиелетін арбаша пульт арқылы басқарылып, сақтау қорларынан оқу залына жеткізіледі.

«Tелелифт» жүйесін орнату біз үшін үлкен жетістік. Қазіргі таңда араб елдері, АҚШ-та рельстік стеллаждар қолданылады. Қазір ұлттық кітапхана қоры бір жарым миллиондай кітап сақтай алса, рельстік стеллаждар екі жарым миллионға дейін кітап қорын сақтауға мүмкіндік береді. Қажетті қаражат бөлінсе, 2012 жылы осындай стеллаждарды орнату ойымызда бар», - деді К.Керімбекова.