ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ай сайын қазақтың ірі тұлғалары неге назарымыздан тыс қалды деген мәселені көтеруді жоспарлап отыр - Р.Отарбаев

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы бойынша өтіп жатқан поэтзиялық  марафон қыркүйектің 24-25-і аралығында ақынның туған жері Петропавл қаласында және ауданында жалғасын табады.

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан поэзия марафоны барысында аталған мекеменің директоры Рақымжан Отарбаев мәлім етті.

Алқалы жиын барысында сөз алған жазушы, драматург Р.Отарбаев Қазақстан аумағында өтіп жатқан апталық М.Жұмабаевқа арналғанын айта келіп, «Біз бүгін Мағжан ақынның тойын бастасақ,  келесі айдан бастап, осындай  қазақ халқының ұлы тұлғаларына арналған кештерді жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Мынау заманда әр облыс мынау менің ақыным, мынау менің жазушым дейтін шықты. Жалпы, рухани ірі тұлға - қазаққа ортақ. Сондықтан да бәріміз бірге қуанып, бірге тойын тойлағанымыз - келешек ұрпақ алдындағы парызымыз» деді.

Оның айтуынша, Ұлттық академиялық кітапхана келесі айдан бастап, әр апта сайын Жұмабек Тәшенов назарымыздан тыс қалды, деген мәселені қозғаса, одан кейін Кеңес Одағының Батыры, қаламгер, ірі ғалым Мәлік Ғабдуллинге арналған пікірталастар өткізеді.  Сонымен қатар қазақтың соңғы әулиесіндей болған Мәжһүр-Жүсіп Көпеев, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ұшқыш, Қазақстанның халық қаһарманы Хиуаз Доспанова неге ұмыт қалды, деген мәселелерді көтеруді жоспарлап отыр.