19:01, 23 Сәуір 2009
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өзінің бес жылдығын атап өтуде
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында (ҰАК) мекеменің бес жылдығына арналған ашық есік күні өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мен бүгінгі атаулы күнде бізбен бірге болған барлық оқырмандарымызға алғыс айтамын. Білім жолына есігіміз ашық ? қош келдіңіздер!», - деді салтанатты шарада ҚР ҰАК бас директоры Роза Бердіғалиева.Бүгін ұлттық кітапхана ұжымының атына тұрақты оқырмандардан да, елдің ресми адамдарынан да көптеген жылы сөздер айтылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатында кітапханашыларға қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріліп, игі тілектер айтылған. Бүгін кітапхананың 700 мыңыншы оқырманына сертификат тапсырылды. Мекеме қызметкерлері ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор Марат Омаровтың сүйемелдеуімен кітапхана әнұранын орындады. Мереке күні мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Жан сөзі» атты дауыстап оқу шарасы өтті, М.Жұмабаевтың «Сен сұлу» өлеңдер жинағы таныстырылды және «Бір ел ? бір кітап» акциясына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Бүгінде Ұлттық академиялық кітапхана 21 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Онда жарты миллионнан астам кітап қоры, 1500 отандық және шетелдік мерзімді басылымдар мен әртүрлі электрондық ақпарат жинақталған. Кітапхананың 13 залы мен 3 орталығы және олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған зал бар. Сондай-ақ қазақ тілін үйренуге арналған тренинг сыныбы жасақталған, шетел тілдерін үйренуге арналған 12 жұмыс орны бар лингафондық кабинет те жұртшылықтың ынтасын туғызып отыр.